АЭС еліміздің энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуға ықпал етеді – депутат

Елімізде атом электр стансасын (АЭС) салу тақырыбы қоғамда қызу талқыға түсуде. Қолдаушылар да, қарсы шығушылар да жетерлік. Қос тараптың да өзіндік уәжі бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. Референдумды халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам деуге болады. Алдағы таңдау Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық.

Атом электр станциясының салынуына байланысты халық қалаулылары не дейді? Осы орайда Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтен пікірін сұраған болатынбыз.

“Атом электр станциясының тиімділігіне тоқталып өтсем. Атом энергетикасы саласының мамандары, АЭС бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба екенін айтады. Тиімділігін айтатын болсақ, Атом электр станциясы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Экологияға зиянды газдар шығармайды. Құрылысында озық технологиялар қолданылып, нысандағы қауіпсіздікті қамтудың бірнеше желісі пайда болады. Қазақстанның энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуға ықпал етіп, жаңа технологиялардың келуіне мүмкіндік ашады. Станция жұмысын ұйымдастыруда қосымша өндірістік желілер, қызмет көрсетуші құрылымдар пайда болады. Олардың барлығы технологиялық тұрғыда мүлде жаңа мазмұндағы өндірістік желіні іске қосады.

Станция орналасатын аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады. Өндірілген электр қуатының тарифін ұзақ жылдар бойы бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы көтеруге, жаңа өндіріс орындарын ашуға, цифровизация мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады”.

kazinform24.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *