АЗАТ ОРАЛБАЕВ: «ТАЗАЛЫҚҚА КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕМІН»

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы әлеуметтік-экономикалық даму жолында тұрақты жүйе қалыптастырып, сан салаға серпін беріп отыр. Әсіресе, өндіріс пен ауылшаруашылыққа басымдық беріліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда іргелі істер атқарылуда. Жалпы, ауданда әр бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Оралбаев Азат Әбдіғалиұлымен сұхбат барысында толығырақ әрі тереңірек зерделеп, нақты цифрларға көз жеткіздік.

Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдерге жүктеп отырған міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Жалпы, ауданға инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды қолдау және жүзеге асыру мәселелері бойынша штаб отырыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Онда инвесторлардың өз жобасын ұсынуы, оларға қажетті көмек, қолдау көрсету шаралары жолға қойылған. Инвестициялық штаб жаңа жобаларды ғана емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы өндіріс көлемін арттыру бойынша ұсыныстарды да назарға алады.

Осы жылы негізгі капиталға 42,2 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген болса, 6 айдың қорытындысымен ауданға 16,4 млрд. теңге бағытталып, өсім 14,9 пайызды құрады. Оның ішінде жоба құны 4,2 млрд теңге болатын, 533 жұмыс орнымен 3 ірі жоба іске асты. Атап айтар болсақ, «Бөрте милка» компаниясы сауын сиыр басын 400 басқа ұлғайтып, сүт зауытының қуаттылығын тәулігіне 10 тоннаға жеткізетін жобаны іске қосты. Сондай-ақ, «JNRAY» компаниясының тігін фабрикасы мен «Borte Engineering» компаниясының тамақ өнеркәсібіне арналған өндірістік техникалық жабдықтар шығару фабрикасы жұмысын бастады.

Жыл соңына дейін «Central Asia Aluminium» компаниясы алюминий бұйымдарын және «Dala Construction.kz» компаниясы керамзит өндіру жобаларын іске асырады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 2024-2025 жылдар аралығында шет ел инвесторларының қатысуында инвестициялық құны 43 млрд 815 миллион теңге болатын  8 жоба іске асады деген жоспар бар. Нәтижесінде 860 жұмыс орны құрылатын болады.

Ауданның тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласы қаншалықты дамып келеді?

Иә, ауылшаруашылығы саласын аудан экономикасының драйвері деуге толық негіз бар. Мәселен, өткен жылы бұл салада 75,7 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, осы жылдың 6 айында көрсеткіш 15,3 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 12,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2024 жылдың қорытындысымен ауылшаруашылық өнім көлемін 83,2 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Биыл ауданның шаруалары 71 мың 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, осы уақытқа дейін 300 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарын жинап алды.

Бүгінгі таңда 27 200 га бидай дақылының  25 мың гектары орылып, жалпы 64 мың тоннасы қамбаға жиналды. Орта түсімі гектарына 25 центнерді құрады. 3114 гектар арпа дақылының 2 500 гектары орылып, 4 мың тонна өнім алынды. Түсім гектарынан 17 центнер болды. 1 780 гектар бақша дақылынан 37 мың тонна, 3 257 гектар көкөніс дақылынан 73 мың тонна, 632 гектар картоп дақылынан 1 260 тонна, 17 200 гектар мал азығы дақылдарынан 120 мың тонна ауыл шаруашылғы өнімдері жиналды. Міне, осының барлығында аудан шаруаларының маңдай тері жатыр. Еңбектері орасан зор.

Мемлекет басшысының ағын су тапшылығының алдын алу мақсатында егістік алқаптарға су үнемдеу технологияларын кеңінен ендіру бойынша тапсырмасы орындалып жатыр ма?

Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алған деуге болады. Биыл су үнемдеу технологиясын 1 300 гектар егістік алқапқа ендіруді жоспарланғанбыз. Қазіргі таңда тамшылатып суғару жүйесі 721 гектарға қолданылуда. Жыл соңына дейін су үнемдеу технологиясын қосымша 5 шаруа қожалығы 1 080 гектарға енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, тамшылатып суғаруды 850 гектарға, жаңбырлатып суғаруды 230 гектарға.

Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру мақсатында да тиісті жұмыстарды қолға алдық. Бұл бағытқа 9,5 млрд. теңге қаралып,  9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде өткен жылы Р-11-С және ЛБК каналдарының жұмыстары бітіп, қалған 7-еуі 2024-2025 жылдары кезең-кезеңімен толық аяқталатын болады. Сонымен қатар тағы 7 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс берілген.

Аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасынан хабардар ма? Олардың бағдарламаға қатысу белсенділктері қалай?

Өткен жылы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасының І және ІІ кезеңдері 6 бағыт бойынша қарқынды жүзеге асырылды. Оған Бадам, Шұбар, Бөржар және Қараспан ауылдық округтері енгізіліп, тұрғындардан 1 млрд 825 млн теңгені құрайтын 349 жобаға өтініш түсті. Нәтижесінде уәкілетті органмен 1 млрд 721 млн теңгені құрайтын 261 жоба қаржыландырылды. Осы жұмыстың барлығы бағдарламаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттаудың арқасында жүзеге асты деуге болады. Осы жылы аталған жобаға  Шұбарсу, Қажымұхан, Бөген, Төрткүл ауылдық округтерін енгізіліп, 2,2 млрд. теңгені құрайтын 325 жобаға құжаттар әзірленді. Қазіргі таңда 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Аудан үй кезегінде тұрғандардың саны қанша? Оларды баспанамен қамту шаралары туралы не айтасыз?

Бүгінгі таңда ауданда үй кезегінде тұрған адамдардың саны 2 200-ден асады. Баспана мәселесін шешу мақсатында жеке инвесторлардың есебінен Темірлан елді мекенінде 1 қабатты, 52 пәтерлі 26 үй және 3 қабатты 84 пәтерлі 3 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде, 1 қабатты 6 үйді сатып алуға келісімшарт түзіліп, коммуналдық меншікке алынған соң, тұрғын үй кезегіндегі 12 отбасыға табысталатын болады.

Абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына көп көңіл бөледі екенсіз?

Иә, мен оны жасырмаймын. Әсіресе тазалыққа көп көңіл бөлемін. Тазалық бар жерде тәрбие де бар, береке де бар. Айналаң жап-жасыл, тап-таза болып, халық заман талабына сай гүлзарларда, демалыс орындарында серуендеп жүрсе, балалар мен жастар талапқай сай жабдықталған ойын және спорт алаңшаларында бос уақыттарын өткізсе, нұр үстіне нұр емес пе? Мысалы, тоқсан сайынғы ауыл тұрғындарымен болатын кездесулерде халық осындай дүниелерді көп сұрайды. Нақты қажеттіліктері жан-жақты сараланып барып шешімін тауып жатады.  

Жалпы, аудан бойынша 14 демалыс орындары бар. Жыл басынан 9 балалар ойын алаңшасын, 3 спорт алаңшасын пайдалануға бердік. Жыл соңына дейін тағы да 25 балалар ойын алаңшасы мен 3 спорт алаңшасын пайдалануға беретін боламыз. Сонымен қатар, Темірланда 6 саябақ, скверлер абаттандырылып жатыр. Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында 6 көшеге аяқ жол орнату жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауданда «Таза Қазақстан» акциясы аясында да тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған шара басталғалы 17 мыңнан астам тал әктеліп, 1083 шақырымды құрайтын облыстық, аудандық және ішкі жолдар тұрақты тазаланып тұрады. Одан бөлек 2 өзеннің бойы, 18 канал мен 12 саябақтың, аллеяның тазалығы бақылауға алынған.

Халық көп әрі тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенінің тұрғындарын ауыз судың, жолдың мәселесі көп толғандырады. Айтыңызшы, шұбарсулықтар нақты қашан сапалы ауыз су ішіп, тегіс жолда жүретін болады?

Шұбарсу ауылында бейресми 50 мыңға жуық халық тұрады. Елді мекенді инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, ауыз сумен қамту жұмыстары 5 кезеңмен іске асырылып жатыр. Бірінші кезеңі 2022 жылы аяқталып, 655 абонент ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2023 жылы 4 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде төртінші, бесінші кезеңдері пайдалануға беріліп, 6200 абонент ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда,  екінші және үшінші кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйекте 6917 абонент ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

Жол мәселесін айтар болсақ, елді мекенде 387 шақырымды құрайтын 232 көше бар. Оның ішінде 255 шақырымы топырақ жолдар. Соңғы       3 жылда әлеуметтік маңызына қарай 65 шақырым жолға тас төселді. Биыл 17 шақырым жолға тас төселді. Қазіргі таңда, 30 шақырым жолға тас төсеу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Жергілікті бюджеттен Шұбарсу ауылында Қазыбек би, Тәуелсіздік, Сұлтан  Бейбарыс көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары қолға алынып, 11,9 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.

Құрылыстары тоқтап қолған мектептерде жұмыс жанданды ма?

Ауданда 73 мектеп жұмыс жасайды. Оның 66-сы мемлекеттік болса, 7-уі жекеменшік. Құрылысы тоқтап қалған Қызылжар, Төрткүл және Шұбарсу елді мекендеріндегі мектептердің құрылыстары қайта жанданды. Алғашқы екеуі осы жылы, соңғысы  келесі жылы аяқталады. Бұдан бөлек, Елшібек батыр елді мекенінен 200 орындық және Ынтымақ елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысын жүргізуге мердігер мекемемен келісімшарт түзілді. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен екі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы жалпы Шерімқұлов, Сәтпаев, Есенберлин, Омаров мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Жайлы мектеп» жобасымен қанша мектеп бой көтеріп жатыр?

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда бес мектептің құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Ақбұлақ елді мекенінде 300 орындық, Темірлан елді мекеніндегі «Самал» мөлтек ауданында 900 орындық, Бадам елді мекеніндегі «Орда» мөлтек ауданында 600 орындық, Шұбарсу елді мекеніндегі «Қуаныш» және «Шұбарсу-2» алаптарында 900, 1500 орындық заманауи мектептер бой көтермек.  Ағымдағы жылы Ақбұлақ ауылындағы мектеп бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қазіргі таңда ауданда қанша қыш зауыты бар? Барлығы газға қосылған ба? Қоршаған ортаға, тұрғындарға зиянын тигізіп жатқандарына қандай шара көрілуде?

Аудан аумағында 27 қыш зауыты бар. Олардың 17-сі Бадам ауылдық округінде шоғырланған. Қалған қыш зауыттары Бөржар және Шұбар ауылдық округтерінде орналасқан. Осы зауыттардың үшеуі газға қосылған. Қыш зауыттарымен есепті кезеңде ішкі нарықта 2 млрд 083,9 млн теңгенің өнімі өндіріліп, облыс аумағын қамтыды.

Экология департаментімен 2023 жылы Бадам ауыл округіндегі 16 қыш зауытының 12-не тексеру жұмыстары жүргізіліп, 19 заң бұзушылық анықталды. Оларға 3 млн 476 мың тенге айыппұл салынды. Есепті жылы экология департаментінің жоспарлы тексеруі жүргізілетін болады.

Сұхбатыңызға рақмет!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *