НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ: «БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ САНЫ АРТТЫ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2023 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында еліміздегі су ресурсы өзекті мәселелердің бірі екенін, әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғанына ерекше тоқталып, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтқан еді. Көп ұзамай Президенттің Жарлығымен жаңа министрлік құрылып, оған министр болып Жамбыл облысының әкімі болған Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы тағайындалған болатын. Ашылғанына бір жылдың жүзі болған министрлік бүгінде қандай жұмыстарды қолға алды? Әсересе, көрші мемлекеттермен су мәселесін реттеуде қандай жетістіктер бар? Осы және су саласындағы басқа да мәселелер туралы министрдің өзімен сұхбаттасып білген болатынбыз.   

Нұржан Молдиярұлы, су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру бойынша қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  министрлік 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда 42 жаңа су қоймасын салу, 77 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені, сондай-ақ 3230 – тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту қарастырылған. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Сондай-ақ, Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасы жасалынды. Бұл жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі    іс-шараларды көздейді.

Кешенді құрылыс жұмыстарына кеңінен тоқталып өтсеңіз?

Министрлік биыл су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша       30 жобаны іске асырды. Осылайша 1,1 млн тұрғыны бар 437 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады деп болжануда. Жаңадан салынатын және реконструкциядан өтетін топтық су құбырларының жалпы ұзындығы 2100 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстары еліміздің                9 өңірінде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, биыл елімізде  96 гидротехникалық нысан жөнделеді. Тиісті жұмыстар он өңірдегі нысандарда жүргізілетін болады. Министрлік тасымалдау кезіндегі су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайтуды жоспарланып отыр. Сондай-ақ қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттырып, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ниетті.

Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2609 шақырым суару каналын автоматтандыру жоспарланып отыр. 17 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.

Естуімізше, су саласындағы «қара нарықпен» күреусуді мықтап қолға ала бастапсыздар. Осы туралы толығырақ білгіміз келеді?

Иә, менің тапсырмаммен ведомство су ресурстарын басқарудағы құқық бұзушылықтарға, судың «қара нарығы» мен су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы кешенді күресті бастады. Министрліктің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр. Мәселен, Жамбыл облысындағы аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталып, тексеріс материалдары уәкілетті органдарға жіберіледі.

Ал, министрлік пен Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша заң бұзушылыққа жол берген «Қазсушардың» басшылық лауазымдағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгертулер қарастырылып отыр. Кодексте уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын беру жоспарлануда. Сондай-ақ, олардың функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, жедел ден қою шараларын қабылдаудың жаңа құралдарын енгізу үшін қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.

Айта кету керек, еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Осыған дейін олардың саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 212 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.

Су дипломатиясына қаншалықты басымдық беріліп жатыр?

Жыл басынан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық жобаларды іске асырумен айналысады. Министрлік биыл Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасын бастауды жоспарлап отыр. Осы орайда айта кету керек, біз Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткіздік. 

Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу жөнінде келісім жасалынды.

Жыл басынан министрлігі Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Оның ішінде үш ірі Ертіс, Іле және Емел трансшекаралық өзендері бар. Бүгінде тараптар су бөлу мәселесі бойынша келісімнің бірқатар баптары бойынша ортақ шешімге келді.

Қазақстан мен Өзбекстан қос мемлекет тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін су есептейтін қондырғыларды орнату жөнінде уағдаласты. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында су есептейтін құрал орнатса, өзбек тарапы біздің елде өз қондырғыларын қояды.

Бұдан бөлек министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасын әзірлеу үстінде.

Биыл еліміз Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияға қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын әділ бөлінуін қамтамасыз ететін және оны пайдалануды реттейтін халықаралық құжат болып табылады.

Президент өткен жылы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында суды үнемдеуге байланысты Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Су үнемдеудің мәдениетін қалыптастыратын уақыттың жеткенін айтты. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?  

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар әзірледі.

Осылайша,  сол уақытқа қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтуға қол жеткіздік. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, елімізде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі де 80%-ға дейін ұлғайтылды.

Биыл ауылшаруашылық алқабын суаруға қанша текше метр су жіберуді жоспарлап отырсыздар?

Елімізде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр. «Қазсушар» мекемесі биыл 790 мың гектардан астам ауылшаруашылық алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Суару маусымына дайындық аясында 83 гидробекет жөнделіп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар 775 гидробекет аттестациядан өтті. Алты облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 390 шақырымнан астам суару арнасы тазартылды. Сондай-ақ, Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

Жылдың басында шаруалардың өтінішін қанағаттандырып, «Қазсушар» филиалдарына дихандармен делдалсыз тікелей келісімшартқа отыру туралы тапсырма бердім. Нәтижесінде биыл бірқатар өңірлерде шаруалар үшін суармалы судың бағасы едәуір арзандады.

Сұхбатыңызға рақмет!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *