ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРСЕҢІЗ ЖАЗА АРҚАЛАЙСЫЗ

Еліміздің Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмеуін сұрап, үндеу жасады.

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы
Қайсар Сұлтанбаев соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінен жедел-профилактикалық іс-шаралардың өткізілуі туралы құжаттар талап етіп, олардың жұмысына кедергі келтіріп жатқан видеолар кең таралып жатқанын айтты.

“Жол қозғалысы” туралы заңда және жол жүру ережесінде көлік құралын тоқтату кезінде полиция қызметкерлері мен жүргізушілердің іс-қимылының нақты тәртібі айқындалған. Көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіруі қажет. Жүргізуші өз кезегінде ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті. Ал полиция қызметкері жедел-профилактикалық іс-шараның өткізіліп жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуге міндетті емес”, – дейді Қайсар Сұлтанбаев.
Ол полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамай, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның жұмысына кедергі келтірген жүргізушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті. Немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

kazinform 24.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *