ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ: «ХАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУҒА ТАРТЫЛА БАСТАДЫ»

Халық қалаулысы атанып, халық пен билік арасында алтын көпір орнату – үлкен жауапкершілік. Депутат ашық әрі шынайы жұмыс жасау арқылы мемлекеттің дамуына, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органның тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізері хақ. Мәселен, ондай депутаттарды қазіргі Парламент Мәжілісінде аз кездестірмейміз. Солардың бірі – Қайрат Балабиев. Kazinform24.kz тілшісі Түркістан облысынан сайланған халық қалаулысымен сұхбаттасып,  бірқатар мәселелер төңірегінде ой-пікірін білген еді.

Қайрат Рахымұлы, елімізде жеңіл өнеркәсіп неге дамымай отыр? Бұл салада қашанғы импортқа тәуелді боламыз?

Импортқа тәуелділіктен арылу үшін тауардың барлық түрін өзімізде өндіру керек. Өкінішке қарай, тауар өндірісі тұрғысынан кенжелеп қалғанбыз. Қазіргі жағдайда қолды айға созбай, айды аспанға да шығармай, күнделікті тұтынушылық сұранысқа сай нарықты қамтамасыз етуге көшу керек.

Мысалы, Қытай экономикасын өркендетуге екі миллиондай ғалым жұмылдырылған. Бұл елдің шығармайтыны жоқ, сондықтан әлемдік нарықтан ойып тұрып орын алған. Ал, енді ондай жұмыс күші мен ресурсы жоқ мемлекеттер де дамып жатқан жоқ па? Міне, бізге де қолда бар ресурстарды пайдаланып, бармен базарлататын уақыт болып тұр. Кезінде жүз индустриялды жоба деп соның қайсысын жүзеге асыра алдық? Бекерге кеткен есіл ақша. Дәл қазір бізге Президент айтқандай ірілі-ұсақты бизнес пен ғалымдар бірлесіп, әрі табысты, әрі экономиканы көтеретін жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Бізде бос жатқан жер көп. Себеп, суармалы емес. Сахарада орналасқан араптар да өз жазирасын жайқалтып жатыр. Демек бізге де шөлейтті де игеретін уақыт жетті. Жалпы әлем климат пен платформаға байланысты даму жоспарын түзіп, іске әлдеқашан кірісіп кеткен. Импортқа тәуелділіктен түпкілікті арылу жалпы алғанда мүмкін емес. Дүние жүзі импорт пен экспортқа негізделген. Десе де көпшілігі импорттан гөрі экспортқа тауар өндіруге жұмыс істейді. Америка, Қытай, Түркия, Оңтүстік, Солтүстік  Корея, Жапония сияқты елдер алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз еткен. Әлі де сол бағытты ұстанатындары бар. Мысалы Қытайға не экспорттай аласыз? Түркияға ше? Америкаға барсаңыз да, Саудияға барсаңыз да Қытайдың заттарын табасыз. Алысты айтпай-ақ, іргедегі Өзбекстан аяққа қалай тұрды? Мәселен,  қажеттіліктің бәрін Қытай, Жапония, Корея, Еуропа өтеп тастағанда, Қазақстанға автодром қаншалықты қажет деп ойлайсыз? Утилизациялық алым мен көлік несиесі халықты қарызға батырып бітті ғой. Елдің есебінен машина құрастыру дұрыс па, бұрыс па деген сұраққа жауап бар да, нәтиже жоқ. Мемлекет басшысы тиімді іспен айналысуға шақырған. Тиімді даму үшін сауатты ойластырылған жүйелі жоспар құру қажет. Сонда ғана жаһандық саудада жұтылып кетпей, экономиканы жүйелі дамытуға болады.

Депутаттар екі айлық канкулға шықты. Оның бір айында халық қалаулылары өңірлерді аралайды. Сіз сайлаушыларыңызбен кездестіңіз бе? Олар қандай мәселе көтерді?

Өз округтарым бойынша кестеге сай, кездесулерді өткіздім. Елдің ішінде неше түрлі мәселе бар. Егер атқарушы билік өз жұмысын дұрыстап атқарса, шешімін таппаған мәселе қалмайтын еді. Өз тарапымнан қырықтан аса депутаттық сауал жолдап, барлығы дерлік қаржыға байланысты болғандықтан шетінен шешімін тауып жатыр. Маған әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болса, Үкіметке ұсынуыма да оңай болады. Кешегі жолы жайлы мектептердің құрылысына қатысты ақиқат анықталды. Халық жер, көпір, канал, мектеп, аурухана, емхана, мәдени ошақтар, жол, газ сұрайды. Оның бәріне бюджеттен қаржы қарастырылған. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, заң әзірлеу негізгі міндетімізге кіреді. Заңға өзгерістер енгізу керек болса, ұсыныстар қабылдауға дайынбыз.

Биыл Кентау қаласындағы ЖЭО 5-тің алты қазандығын реконструкциялауға үкімет резервінен тоғыз миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Қыруар қаржы бөліп жыртықты жамай бергенше жаңасын салу тиімді емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жылу энерго орталықтарының сын көтермейтінін қатаң ескерткен еді. Ондаған жылдар бойы қаржы бөлінсе де, жөнделіп бітпейтінін сынға алған болатын. Жылу орталықтарының алды 50-60 жыл бұрын салынған. Десе де бөлінген қаржы жөнімен жұмсалса жұрт қыстың көзі қырауда жылусыз қалмас еді. Қоғам белсенділері Кентаудың жылуын қыс бойы көтеріп, республикалық бюджеттен қыруар қаржының бөлінуіне септігі тиді.      9 млрд республикалық бюджеттен, қосымша 3,5 млрд теңге облыстық бюджеттен бөлініп, ЖЭО-ға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы қыста көреміз, енді.

Жалпы әлем көміртекті отыннан арылып, экологиялық отынға көшуге талап қойған. Бұған қатысты Президенттің тапсырмасы да бар. Энергия өндірісі де экологиялық атом энергетикасын дамытуға ойысып жатыр. Келешекте бүкіл жылу орталықтары көгілдір отынмен жылытуға көшеді. Кентаудың жеке тұрғын үйлер массивін газбен қамтып, тек көп қабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылуға қосса да күші жетеді деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін бұзылмай келген қазандықтар бірден істен шықса, жаңалайтын уақыты жеткен де шығар.

Парламентте заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты ретінде елдің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында қандай шаруалар атқардыңыз? Қолға алған тың бастамаларыңыз бар ма?

Азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыру Президент тапсырмасы. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, мемлекет басшысы міндеттеген маңызды заңдарды әзірлеумен айналысамыз. Өткен сессия жақсы нәтижемен аяқталды. Масс медиа, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жылу энергетикасы мен электр энергиясы, мемлекеттік активтерді қайтару, мемлекеттік сатып алу сияқты ауқымды заңдар қабылданды. Бұдан бөлек салық жүйесі жетілдіріліп жатыр. Ал, енді өзіме келетін болсақ, менің әлеуметтік желідегі парақшамда бүкіл атқарылған іс жарияланады. Оның арасында заң жобаларына халықтан ұсыныс қабылдау мақсатында хабардар етіледі. Каникулдағы кездесулерде жаңадан қабылданған заңдарды сайлаушыларға таратып бердім.

Қазір Парламент депутаттарының дені белсенді. Үкімет басшысына, мүшелеріне және басқа да мемлекеттік органның басшыларына өткір сұрақтар қояды. Жұмыстарын ашық сынап жатады. Осындайқарқын бұрын неге болмады?

“Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет” құрылып жатқан жоқ па? Президент Парламентке сенім артып, парламентаризмнің рөлін күшейтпек. Керек десеңіз халықтың өзі қоғамдық бақылауға тартыла бастады. Бұл әділдік емес пе? Ел бізге иек артқандықтан сенімді ақтауға тырысамыз. Үкімет пен атқарушы билікке батырып айтсақ, жанашырлықтан деп түсінгендері дұрыс. Бізге Президент пен ел сенім артып отыр. Жаңа шақырылымдағы депутаттардың арасында “сен тұр мен атайын” дейтін айбаттылары баршылық. Бұл бәсекелестіктің жемісі. Әр партия өзінің абыройы үшін жұмыс істейді. Сол себепті де ел мүддесін қорықпай қорғайды. Демократияның көрінісі деп ойламайсыздар ма? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар мен журналистердің жұмысы бір деп, ақиқатын айтуға шақырды ғой. Халық мұңына құлақ асатын мемлекет қалыптасып келеді. Бұған қуану керек.

Қоғамдағы проблемалардың бірі – утиль алым. Бұл мәселеге қанадай пікір білдіресіз?

Утилизациялық алымға халық та, депутаттар да қарсы. Жақтап отырған тек үкімет. Мұның соңы неге алып баратыны белгісіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алымға қатысты өз ойын білдіріп, ең минималды сомма белгілейтінін айтқан болатын. Мүлде алып тастамаса да 200 мың теңгеден асырмау да тәп-тәуір көмек болар еді. Шетелде утилизациялық алым атымен жоқ елдер бар. Барының өзін мемлекет шектеп, халыққа зияны тимейтін саясат ұстанады. Жұртты шырылдатудың ақыры жақсылыққа жеткізген емес. Сондықтан утилизациялық алымды түпкілікті алып тастау керек деп есептейміз. Себебі көлікті онсыз да кредитке алып, шығындалып жатқандар жетерлік. Ал, қазір утилизациялық алымның қымбаттығынан ауыл шаруашылығы техникасын  лизингке алудың өзі мұңға айналып шаруалар бас тартып жатыр. Президент айтты ғой, түрлі төлем, салық, айыппұл салудан бас тартып, экономикалық  табыс табудың жаңа жолдарын табу керектігін. Соның өзі Үкіметке жеткілікті тапсырма деп ойлаймын.

Табысты бизнес түрлерінің бірі – туризм. Жуырда Президент туризмді дамыту жөнінде өткен кеңесте аталған саладағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Сіздің ойыңыз қандай?

Туризм тұрпайы, жолдар жұпыны деген мәселе көтерген ем. Әлемде табиғи ресурстары жоқ елдер туристік әлеуетін арттырып алға шығып жатыр. Барлық байлығы бар Қазақстанда туризмнің тұралауы ұят нәрсе. Туризмді дамыту мемлекеттік міндеттердің бірі. Жыл сайын жасыл желекке миллиардтаған қаржы бөлінсе де, орман тұрмақ жол жиектерінде көлеңке жоқ. Туристік аймақтарға апаратын жолдар нашар. Байланыс жоқтың қасы. Жағалауларда жабайы тіршілік. Тауларда турист жоғалса не өлі, не тірі, зорға табасың. Не сервис, не қызмет жоқ. Осындай ғой, туризмнің тұрпайы сипаты. Шет елде тау тұрмақ, ен далада байланыс үзіліп қалса, оператор мен министрлікті сотқа береді. Ал, бізде интернет жүргіземіз деп тартқан желілер аяққа оратылып жатады. Туризм экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі болмай, туризм дамымайды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Мәди Қуаныш

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *