ТАЗАЛЫҚҚА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІК КЕРЕК!

Ауылдың көркін ашатын да, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай ауылға сән кірмейді, тамырына қан жүрмейді. Сондықтан елді мекендерді көркейту, көгалдандыру жұмыстары сенбіліктермен ғана шектелмеуі тиіс.  Ауыл көшелерін тазалап, қоқыс шығартын, жасыл желектерді суарып, күтіп-баптайтын коммуналдық мекеме ауылдарға да ауадай қажет. Ордабасы ауданында осы мақсатта құрылған «Темірлан абаттандыру» мекемесінің   жұмысшылары мен техникаларын бүгінде  таң қылаң бергеннен көшеден кездестіресіз. Тірлігі өзге аудандарға үлгі мекеменің жұмысымен жақынырақ танысу үшін  оның директоры Салтанат АЛИБАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

Салтанат Асетиллақызы, өзіңіз басқарып отырған мекеме қашан құрылды және бүгінде қанша адамды еңбекпен қамтып отырсыздар?

Мекеменің негізі 2017 жылдың соңында қаланған. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда 130-дан астам адам еңбек етеді. 20-дан астам техникамыз бар. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыспен және «Жасыл ел» бағдарламасымен келген жұмысшыларымыз да бар.

Жұмысшылардың еңбегі ауыр екені түсінікті. Айлықтары қалай?

Бұрын мекеменің жұмысшылары 85 мың теңге жалақы алып келген. Жұмыс ауқымының, көлемінің артуына байланысты аудан әкімі бастама көтеріп, аудандық мәслихаттың депутаттары қолдап, 2024 жылдың мамыр айынан бастап жұмысшылардың айлығы 115-120 мың теңгеге көтерілді.  

Мекеменің аты айтып тұрғандай, абаттандырудан бөлек қандай шаруаларды атқарасыздар?

Аудан орталығында санитарлық-тазалықты қамтамасыз етеміз. Көріктендіру, көгалдандыру, яғни жасыл екпелер егу, оларды күтіп ұстау, көрнекі құралдарды, аяқжолдарды, олардың бойындағы жарықшамдарды күтіп ұстау міндетімізге кіреді. Сонымен қатар, мекеменің мамандары үйлердің аулаларына кірген жауын-шашынның, қалың қардың суын тазартуға жұмылдырылады.

Биыл өңірімізде қар, жаңбыр мөлшерден көп жауып, аязды күндер көп сақталды. Осы орайда аудандағы маңызды жолдарда көк тайғақтың алдын алуда не істелінді?

Ауа-райының қолайсыз кездерінде аудан орталығындағы ішкі көшелерге және Темірланға кіре беріске, Қызылсеңгір, Көктөбе ауылдарына, Шұбар мен Бадамға, Түркістан бағытына шыға берістегі айналма жолға дейінгі аралыққа, сонымен қатар Бөржар, Бадам, Шұбарсу ауылдық окургтерінің көшелеріне 85 тонна тұз, 105 куб құм мен 30 куб клинец себілді. Осылайша аудан тұрғындары көк тайғақ кезеңдерден аман-есен шықты.

Елді мекеннің көркі – жасыл желек. Айтыңызшы, жыл басынан бері қанша тал, гүл ектіңіздер?

Ағымдағы жылдың көктем айларында мекеменің есебінен 4155 дана, одан бөлек, «Бадам және жануарлар әлемін қорғау» мекемесінен қосымша 2800 түп тал көшеттері алынып отырғызылды. Аудан орталығындағы көшелерге, «Ардагерлер саябағына», кіші демалыс орындарына 94 мың түп әртүрлі гүлдер отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 123 мың түп егілді. Жасыл желектер уақтылы суғарылып, ерекше күтімге алынған.

Cұхбат барысында жарықшамдарды да күтіп ұстау мойнымызда деп едіңіз…?

Жыл басынан бұл бағытта да тындырымды тірліктер атқарылды деуге болады. Атап айтар болсам, орталыққа орнатылған аркаға және жарамсыз жарық беру электр бағаналарына жарық шамдар орнатылды. Абасов, Қажымұқан көшелерінің бойындағы кермелер ою-өрнектермен өрнектелді. Түнгі уақытта түрлі жарық беретін светодиодтармен жабдықталды. Темірлан елді мекеніндегі орталық көшелер, саябақ пен шағын демалыс орындары, Арбаттың бойындағы прожекторлар мен аяқжол жарықшамдарының істен шыққан кабельдеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарамай қалғандары ауыстырылды.

Салтанат Асетиллақызы, сұхбат бергеніңізге рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан
Мәди Қуанышұлы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *