ТОҚАЕВ ҚОСТАНАЙҒА БАРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Президенттің жұмыс сапары индустриялық аймақта орналасқан «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытымен танысудан басталды. Онда ол жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына сондай-ақ шойын қорыту және қалыпқа құю, бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі көрсетілді.

Мемлекет басшысы өңірдегі KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына да барды. Мұнда тиісті құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталғаны. Жоспарға сәйкес, конвейерден алғашқы көлік сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығарылмақ.

KIA Qazaqstan бас директоры Ким Дэ Кидің айтуынша, зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылады екен. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылмақ.

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен де танысып, Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде диқандармен кездесті. Алқап басында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді. Өңір басшысының айтуынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланып отыр екен.

Өңірде мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту бағытында да тындырымды тірліктер қолға алыныпты . Атап айтқанда, алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тарту көзделіпті. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынбақшы. 

Мемлекет басшысы «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығын да аралап көрді. Онда Президентке дөңгелекті ауыл шаруашылығы техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. 700 адам еңбек ететін зауытта жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіріледі екен. Жыл басынан бері зауыттан 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы “Юбилейны” шағын ауданыдағы жақында ғана пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де табан тіреді. Мұнда жергілікті тұрғындарға спорттың  шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналысуға мүмкіндік жасалыпты. Сондай-ақ орталықта жаттығу және хореография залдары жұмыс істейді екен. Ерекше қажеттілігі бар жандарға тиісті жағдай жасалыныпты.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Президентке облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту шаралары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қала тұрғындарына  дене шынықтыру нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Мемлекет басшысы кешендегі залдарды аралап көріп, жергілікті тұрғындармен және жас спортшылармен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы балаларға арналған IQostanay smart орталығының қызметімен де танысты. Екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алатын орталықта өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істеп тұр. Оқушылар сарайында жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, жаңартылатын энергия көздері, химия және физика-техникалық зертханалары, сондай-ақ мәжіліс, оқу және хореография залдары бар. Өз кезегінде Президент уақыт талабына сай технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз қажеттігін айтып, елімізге отандық технологияны дамытатын азаматтардың қашанда керек екенін тілге тиек етті.

kazinform24.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *