ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Маңызды жобалар жүзеге асуда, – деп хабарлайды kazinform24.kz

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында жаңа зауыттың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі
Дархан Сатыбалды арнайы қатысты. Аудандағы «CENTRAL ASIA ALUMINUM» зауытының құрылыс алаңында болған облыс әкімі алюминий профильдерін өндіру жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Инвестормен кездесіп, пікір алмасты. Жаңа зауыт құрылыс жұмысы аяқталған соң келесі жылы алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр.

– Инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс орындарын ашу – маңызды іс. Бұл зауыт та өңір экономикасының дамуына үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Алюминий профильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Жер жұмыстары жүруде. 2025 жылдың I тоқсанында жобаның бірінші кезеңі іске қосылып, 180 адам жұмыспен қамтылады. Ал ІІ кезеңінде 150 адам жұмысқа шақырылмақ. Жалпы 7,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Әр кезеңде 10 мың тоннадан өнім өндіріледі деп күтіліп отыр.

Жалпы, өңірде кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, жаңа жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстар жалғаспақ.

kazinform24.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *